«ҚазАгроҚаржы» қазақстандық аграршылар үшін 20 млрд теңге көлемінде ислам инвестицияларын тартады

Баку қ., 2026 жыл 19 маусым

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ және Жеке секторды дамыту жөніндегі ислам корпорациясы (ICD) Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі даму институттары мен ондаған мүше мемлекеттің үкіметтерін біріктіретін исламдық қаржыландырудың негізгі халықаралық алаңы саналатын Ислам даму банкі тобының жыл сайынғы жиыны – IsDB Group Annual Meetings 2026 аясында өтті.

Аталған келісім «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на 20 млрд теңгеге дейінгі көлемде исламдық қаржыландыру ресурстарын тартуға мүмкіндік береді. Тартылған қаражат ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды қаржыландыруға және негізгі өндірістік қорларды жаңартуға бағытталады.

«Капиталға қолжетімділік – аграрлық сектордың даму қарқынын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Біздің міндетіміз – отандық аграршыларды қолдау және сол арқылы экономиканы ынталандыру. Бұл келісім осындай мүмкіндік береді және біз қазақстандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдау құралдарын одан әрі кеңейтетін боламыз», – деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ Тәуелсіз директоры, Директорлар кеңесінің мүшесі Рустам Абдусаламов.

Компания клиенттеріне қаржыландыру тиімді жеңілдікті шарттармен «Иджара» ислам лизингі тетігі бойынша беріледі. Мәміленің барлық параметрлері алдын ала айқындалып, шарттың бүкіл мерзіміне бекітіледі, сондай-ақ исламдық қаржыландырудың қатаң этикалық стандарттарына толық сәйкес келеді.

Тізімге оралу
chat-bgov

Кеңес ал!

Call-центр

Қоңырауға тапсырыс беру